Де ла Хойя: Үшінші жекпе-жектің болатын-болмайтынын Альварес шешеді
«Біз үшінші жекпе-жекті ұйымдастыру жағын ойластырамыз. Мен жаңа ғана Леффлермен (Головкиннің промоутері - авт.) және Сулейманмен (WBC президенті) сөйлестім, біз Альварестың келесі жоспарын талқыладық. Біз Альварес және бокс спорты үшін тиімді жұмыстар істейміз, басқасы маңызды емес. Ең маңыздысы - жанкүйерлер ең тартысты жекпе-жекті көруі керек», - деді Де ла Хойя.
Промоутер Альварестің осы жылы 15 желтоқсанында рингке оралатынын, қарсыластың әзірге белгісіз екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Оскар Де ла Хойя үшінші жекпе-жек туралы былай деді:
«Екінші жекпе-жек өте тартысты болды. Ал үшінші жекпе-жек болуы әбден мұмкін, жанкүйерлер бұл айқасты көргісі келеді. Бастысы - Альварес жеңіске жетті, мен енді онымен сөйлесемін. Жалпы, үшінші жекпе-жектің болу-болмауын Альварес шешеді».
Еске сала кетейік, Головкин - «Канело» рематчы 16 қыркүйек күні Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да өтті. Нәтижесінде, отандасымыз төрешілер шешімімен (113-115, 114-114, 113-115) жеңіліп, чемпиондық белбеулерінен айрылды.