Демалыс күндері ел аумағында жаңбыр мен найзағай, қатты жел болжанды

АСТАНА.KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 27–29 маусымға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады.

Фото: ЖИ

— Алдағы демалыс күндері белсенді циклон мен атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Еліміздің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде қатты жаңбыр жауады деп болжанды,  — делінген хабарламада.

Күндізгі ауа температурасы республиканың батысы мен солтүстік-батысында 18… 26 °C-қа дейін төмендейді. Оңтүстік өңірлерде аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіліп, ауа температурасы 28… 38 °C аралығында болады. Солтүстік өңірлерде күндіз 22… 30 °C күтіледі.

Сонымен қатар, Қазақстанның шығысында, солтүстік-шығысында, оңтүстік-шығысында және орталық өңірлерінде ыстық ауа райы сақталады. Күндіз ауа температурасы 33… 38 °C-қа дейін көтеріліп, жекелеген аудандарда өте қатты ыстық 40 °C-қа дейін жетеді деп болжанып отыр.

Айта кетейік, Астанада 85 жыл бұрынғы ыстық рекорд қайта тіркелді.