Демалыс орындарына өзіңмен тамақ алып бару заңды ма
АСТАНА. KAZINFORM — Жазғы демалыс маусымы аяқталуға таяп қалды, қазір демалыс орындарының жұмысы қызып тұр. Kazinform агенттігі тұтынушылардың құқығына қатысты бір жайтты нақтылап көрген еді.
Кейбір демалыс орындарының әкімшілігі (демалыс аймағы, отбасылық демалыс кешені, бассейн, жағалау тағы басқа) келушілерге өзімен бірге ас (тамақ), азық-түлік, сусын әкелуге тыйым салады, яғни сол демалыс орнынан сатып алу қажет.
Бұл қаншалықты заңды? Осы сұрақтың жауабын білу үшін Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне жүгінген едік.
— «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңның 24-бабының талабына сәйкес, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауар, жұмыс және қызметті қазақ және орыс тілінде беруге міндетті. Ақпаратта көрсетілетін қызметтің атауы, түрі мен ерекшелігі көрсетілуі тиіс. Ақпарат тұтынушының назарына құжат, арнайы жазба белгі немесе жеке жеткізіледі. Осылайша, егер келуші кіру билетін төлеп, демалыс аймағына өз өнімдерімен кірген болса, аймақ субъектісі қолданыстағы тыйым туралы хабарламаған болса, онда тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тарту заңсыз, — деген жауап алдық ресми сауалға.
Комитет ұсынған мәліметке сәйкес, тұтынушы мен кәсіпкерлік субъектілері арасында туындайтын құқықтық қатынас жария құқықтық қатынасқа жатады.
— Азаматтық кодекстің 387-бабына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адам өз қызметінің сипаты бойынша оған жүгінген әрбір адамға қатысты жүзеге асыруға тиіс тауарларды сату, жұмысты орындау немесе қызмет көрсету жөніндегі оның міндетін белгілейтін жария шарт болуы тиіс. Азаматтық кодекстің 387-бабының 4-тармағына сәйкес заң құжатта көзделген жағдайда жария шартын жасау және орындау кезiнде тараптар үшiн мiндеттi ережелер шығаруы мүмкін. Рекреациялық аймақтар қызметінің мәселелері әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен (туристік, экологиялық, денсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс тағы басқа) реттеледі, — дейді ведомстводан.
Сондай-ақ елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы демалыс ережелері жекелеген заңмен реттеледі.
Айта кетейік, елімізде тұтынушылардың құқығын виртуалды қорғайтын көмекші әзірленіп жатыр.
Тағы бір жайт, Қазақстанда тұтынушылардың құқығы қорғалып жатқан жоқ. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Сапа» тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық ұйым» қоғамдық бірлесті төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова осылай деп пікір білдірген еді. Оған соңғы кезде тұтынушылардан түсетін толассыз шағым дәлел екенін айтады.