Бұл күндері ауа райының бұзылуына, боранға, нашар көрінушілікке, еліміздің бірнеше аймақтарында қардың мол түсуіне байланысты автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ комитетінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасынан.
20 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданында қарлы борасында қалған адамдарды және автокөліктерді эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін Азаматтық қорғаныс қызметтерінің 7 техникасы және 37 адам дереу жолданды. Өткізілген жұмыстардың нәтижесінде «Алматы-Ташкент» автожолының 556-593 шақырымында қарлы борасында қалған 2 жолаушылар автобусынан, 4 жүк және 42 жеңіл автомобильден 152 адам эвакуацияланды, оның ішінде 16 бала бар, олар Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы және Нұрлыкент ауылдарына жеткізілді.
Жамбыл облысының Шақпақ ауылында апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаменті құрамында 26 адам және 8 техникасы бар авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары топтамасы ұйымдастырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары тоғыз сағатқа жуық уақыт жүргізілді. 20 желтоқсанда кешкі сағат 19-дар шамасында зардап шеккендердің барлығы аман-есен табылды. «Алматы-Ташкент» тас жолындағы қар құрсауынан 8 жолаушылар автобусы және 30 жеңіл көлік, 200 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Олар Тұрар Рысқұлов ауылына және Шымкент қаласына жеткізілді.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында «Екатеринбург-Алматы» автожолының 489 шақырымында Қарағанды облысының ТЖД құтқарушылары апаттан құтқару жұмыстарын жүргізді, оның барысында қарлы борасында тоқтап қалған жолаушылар автобусынан 50 адам эвакуацияланды.
ТЖ Комитеті азаматтардан ауа райының өзгеруін, метеорологиялық мәліметтерді байқап отыруын, ауа райы нашарлаған кезде жол жүруге және автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қоюды сұрайды.