Деменция қаупін қандай әрекет азайтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қысқа әрі баяу серуендеудің өзі деменцияның даму қаупін төмендетуі мүмкін. Зерттеулер физикалық белсенділік деңгейі жоғары болмаса да, оның ми саулығына оң әсер ететінін көрсеткен, деп жазады АЗЕРТАДЖ .

Фото: presbyterianhomes.org

Аустралия ғалымдары Ұлыбританияның 78 мыңнан астам тұрғынының деректерін талдаған. Нәтижесінде күніне шамамен 3 800 қадам жүретін адамдарда деменцияның даму қаупі аз қозғалатын адамдармен салыстырғанда 25 пайызға төмен болғаны анықталды. Бұл ретте жүру жылдамдығы шешуші рөл атқармаған.

Алдын алу әсері күніне шамамен 9 800 қадам жүрген адамдар арасында жоғары болған. Күн сайын 10 мың қадамдай жүретін қатысушыларға 7 жылдық бақылау кезеңінде деменция диагнозы қойылу ықтималдығы шамамен екі есе төмен болған.

Финляндияда жүргізілген FINGER зерттеуі де өмір салтын өзгерту мидың саулығын сақтауға және танымдық қабілеттердің нашарлау қаупін азайтуға көмектесетінін көрсетті. Зерттеуге нейрогериатрия профессоры Мия Кивипелто жетекшілік еткен.

Зерттеу барысында мамандар дене белсенділігі, дұрыс тамақтану және танымдық жаттығуларды қамтитын шаралар кешенінің әсерін бағалаған. Нәтижелер салауатты өмір салтының бірнеше факторын қатар ұстану танымдық қабілеттерге анағұрлым оң ықпал ететінін көрсетті.

Профессордың айтуынша, мидағы патологиялық өзгерістер алғашқы белгілер байқалғанға дейін 15–20 жыл бұрын басталуы мүмкін. Сондықтан деменцияның алдын алу егде жаста да, жас кезде де маңызды.

Ел тұрғындарының шамамен үштен бірі Альцгеймер ауруының даму қаупін арттыратын APOE4 генінің нұсқасын тасымалдайды. Алайда генетикалық бейімділіктің болуы адамның міндетті түрде осы ауруға шалдығатынын білдірмейді.

Маманның сөзінше, ми саулығына қамқорлық жасау ешқашан ерте де, кеш те емес.

Еске салайық, ғалымдар физикалық белсенділік пен деменция арасындағы байланысты анықтады.

Осыған дейін Амазонка тұрғындарынан деменциядан қорғайтын «иммунитет» табылды.