Денесі жыртылған, тістелген: ШҚО-да аюдан зардап шеккен ер адамның жағдайы белгілі болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында аю 58 жастағы тұрғынға шабуылдаған. Бірнеше жеріндегі сүйегі сынып, денесінде жыртылған және тістелген жарақаттар көп болған ол аман қалды. Қазір ол ауруханадан шығарылып, үйіне жіберілді.

Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға 29 шілдеде болған. Ер адам Риддер қалалық ауруханасының травматология бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген.

Қалалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ардагүл Байысбаеваның айтуынша, аю ер адамның басынан, қолынан және сол аяғынан жарақаттаған.

- Науқастың екі қолының саусақтары мен сол жақ балтыры сынды. Сонымен қатар басында, екі білегі мен қолында, сол жақ балтырында көптеген тістелген-жыртылған жарақаттар болды. Бұл ауыр дәрежедегі жарақаттар, - деді ол.

Ер адам 19 тамызға дейін стационарда ем қабылдаған. Қазір ол үйінде, өміріне ешқандай қауіп төніп жоқ.

Оқиға Риддер қаласының маңындағы омартада болған. Ер адам жалғыз болмаған. Оған аюдан қорғануға бірге болған екі адам көмектескен. Осыдан кейін жыртқыш орманға қарай кетіп қалған. Аюдың адамға шабуыл жасауына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Бұл жағдай Шығыс Қазақстанда аюлардың елді мекендерге жиі жақындай бастағанының тағы бір дәлелі болып отыр. Бұған дейін өңірдің бірнеше ауданынан жыртқыш аңдардың елді мекен маңында жүргені туралы хабар түскен. Осыған байланысты Жедел әрекет ету жасағының инспекторлары түнгі кезекшілікке көшкен.

Аюлар Үлкен Нарын, Асубұлақ ауылдарында және Риддер, Серебрянск қалаларында байқалған. Тіпті Өскеменде де түз тағыларының бірі Аблакетка шағын ауданындағы СЭС-тегі айлақ маңындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.