Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өскемендегі шағын ауданға аю кіріп кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Аблакетка шағын ауданында орналасқан су электр станциясы маңында аю жүрген видео тарады.

медведь
Фото: Экология министрлігі

Әлеуметтік желіде тараған видеода түз тағысының Аблакеткадағы су электр станциясы маңында жүргені көрінеді. Тұрғындар сол жерде әсіресе кешкі уақытта жастардың көп жүретінін айтып, олардың қауіпсіздігіне алаңдап жатыр. 

Қазіргі уақытта Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету тобы аюды іздеуге шықты. 

- Инспекторлар Аблакеткадағы саяжайлар аумағында жүр. Олар дрондарды пайдаланып, жағдайды әуеден бақыламақ. Аюдың бір орында тұрмайтыны түсінікті. Басқа жаққа кетуі немесе бір жерде жатып қалуы мүмкін. Түнде қайта көрінуі де ықтимал. Сондықтан инспекторлар сол аумақта кезекшілікте болады. Аю анықталған жағдайда оны үркітіп, елді мекеннен алыстатуға тырысады, - деді жедел әрекет ету тобы бастығының орынбасары Сергей Карманников.

Оның айтуынша, жаз басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен ауылдарына түз тағыларының кіріп кетуіне қатысты 20-ға жуық өтініш түскен. Белгілі болғандай, аюлардың елді мекендерге жақындауының себебі - ормандағы қоректің аздығы. 

Еске салсақ, осыған дейін фототұзақ Тянь-Шань қоңыр аюының сирек сәттерін түсіріп алғанын жазғанбыз.