АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 439-ракеткасы Денис Евсеев Гамбург (Германия) ATP Challenger турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайысының жартылай финалында рейтингіде 1 260-орындағы германиялық Ноэль Ларвигті 7:6 (7:4), 4:6, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Тартысты бәсеке екі сағат жарымға созылды.
Д.Евсеев іріктеу сайысының финалында рейтингіде 659-сатыдағы грузиялық Саба Пурцеладземен бетпе-бет келді.
Бұл кездесуде екі сет те 7:5, 7:5 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді.
Бір сағат 16 минутқа созылған матчта Евсеев 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Пурцеладзе 4 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, негізгі жарысқа жолдама алған Денис Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Испаниядағы турнирде чемпион атанғанын жазған едік.
Сонымен қатар Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінің жеңімпазы атанды.
Елена Рыбакина Торонто турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).