Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елена Рыбакина Торонто турнирінің ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.

Елена Рыбакина вышла в четвертьфинал турнира WTA 1000 в Торонто
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 55-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоноваға тап келді.

Е.Рыбакина үшін ресейлік спортшы қолайсыз қарсылас болып есептеледі. Осыған дейін өзара алты кездесудің төртеуінде Л.Самсонова жеңсе, соңғы екеуінде қазақстандық теннисші басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда теннисшілер үш реттен брейк алмасты. Дегенмен Рыбакина тағы бір брейкпен түйіндей білді – 6:4.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Самсонова брейк жасап, сосын сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте Л.Самсонова қос брейк жасап, 3:0 есебімен алға кеткенімен, Елена таразы басын теңестіре алды – 3:3. Содан соң матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.

Екі сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 11 эйспен бірге 17 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Самсонова 1 эйс, 6 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, жапониялық Наоми Осака немесе рейтингіде 34-орындағы канадалық Лейла Фернандестің қай жеңгенімен таласады.

Өткен жылы қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін жеткен еді.

Торонтода биыл әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко төртінші айналымда күтпеген жерден Екатерина Александровадан жеңіліп қалды – 6:7 (3:7), 6:4, 4:6.

Қазақстандық теннисші өткен жылғы нәтижесінен асып түссе, А.Соболенкомен арадағы ұпай айырмашылығын қысқарта алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Испаниядағы турнирде чемпион атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінің жеңімпазы атанды.

Дамир Жалғасбай Астанадағы челленджер жарысын жеңіспен бастады.