Денис Евсеев Португалиядағы жарыстың екінші айналымына шықты

Фото: Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 258-ракеткасы Денис Евсеев Эшторил (Португалия) челленджер турнирінің екінші айналымына жолдама алды. 

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында рейтингіде 760-орындағы үндістандық, 17 жастағы Манас Дхаммені 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 372-ракеткасы, италиялық Джованни Фониоға жол берді – 3:6, 3:6.

Соған қарамастан, турнирді ұйымдастырушылар қазақстандық спортшыны негізгі жарысқа қосты.

Денис Евсеев алғашқы айналымда рейтингіде 280-сатыдағы бельгиялық Киммер Коппеянспен шеберлік байқасты. Мұнда қазақстандық теннисші 6:2, 6:4 есебімен басым түсті. Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Евсеев 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Коппеянс 1 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.

Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 47-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецманович немесе рейтингіде 79-орындағы германиялық Ян-Леннард Штруфтың қай жеңгенімен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 208-ракеткасы Бейбіт Жұқаев іріктеу сайыстарының жартылай финалында күтпеген жерден рейтингіде 709-сатыдағы португалиялық Франсишку Рошадан жеңілді – 4:6, 6:1, 6:7 (6:8).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінде ширек финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.