АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Денис Евсеев жұптық сында Исламабад (Пәкістан) челленджер турнирінің финалына шықты.
Чехиялық Доминик Паланмен бірге жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы жартылай финалда америкалық Пристон Браун — украиналық Никита Белозертцевтің меселін қайырды.
Қазақстандық-чехиялық жұп бірінші партияда бет қаратпады — 6:1. Олар екінші сетте де есесін жібермеді — 7:5.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Евсеев — Палан эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ. Браун — Белозертцев 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Денис Евсеев — Доминик Палан финалда пәкістандықтар Айсам-уль-Хак Куреши — Музаммил Муртазамен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Д.Евсеев сонымен қатар сенбі күні жекелей сында әлемнің 473-ракеткасы, түркиялық Мерт Алкаямен финал жолдамасы үшін таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Пәкістандағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Қытайдағы арнайы турнирдің финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).