Депутат елде медициналық заттарды сатып алудың заңдылығын тексеруді сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Асылхан Қожахметов медициналық бұйымдарды сатып алу және отандық тауар өндірушілерді қорғау кезіндегі заң бұзу деректеріне қатысты мәселе көтерді. Осы орайда ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Фото: ДСМ

— «СК-Фармация» ЖШС қызметі, «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалдарына бірнеше мәрте себеп болған болатын. Алайда, фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден келіп түсіп жатқан шағымдардың әлі де жалғасуы, бұл мәселелердің толық шешілмегенін көрсетеді. Бұдан бөлек, қазір мәселе жекелеген сатып алуларға ғана емес, сатып алу қағидаларын қолдану тәжірибесіне де қатысты жаңа сұрақтар туындап отыр. Мәселен, Партияға «DOLCE» ЖШС жүгініп, төмендегі проблемалық мәселелерге назар аударды. Біріншіден, отандық өндірушілер «СК-Фармацияның» отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қатысты талаптарды әртүрлі қолданатынын айтып отыр. Егер, кейбір қатысушылардан бұл мәртебені растау міндетті түрде талап етілсе, ал «басқа» қатысушыларға қатысты дәл осындай талаптар мүлде қойылмайды немесе постфактум ғана қойылады. Сатып алу қағидалары барлығына бірдей болуы тиіс. Қатысушыларды алдымен сатып алу рәсіміне қатысуға жіберіп, кейін нақты жеткізушіге немесе тауарға қарай қойылатын талаптарды іс жүзінде өзгертуге болмайды. «СК-Фармация» өз тәжірибесі бойынша жаңа талаптар белгілей алмайды, әсіресе оларды таңдамалы түрде қолдануға жол берілмеуі тиіс, — деді Асылхан Қожахметов.

Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілердің «СК-Фармацияның» сатып алуларына қатысу мәселесіне тоқталды. Тиісті қағидаларда мұндай өнім берушілердің сатып алуға қатысуына тікелей тыйым салынбаған. Бұл ретте бюджет қаражаты мен МӘМС жүйесінің қаражаты жұмсалатынын ескере отырып, осы мәселе бойынша құқықтық тәртіпті нақты түсіндіру қажет.

— Кәсіпкерлердің «СК-Фармацияның» әрекеттеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Бас прокуратураға жолдаған шағымдарының оларда көрсетілген шағым нысанының өзіне, яғни «СК-Фармацияға», қарау және жауап дайындау үшін жолдау тәжірибесі ерекше алаңдаушылық туғызады. «Ақ жол» фракциясы мұндай өтініштерді формалды түрде қарау тәжірибесін тоқтату қажет деп санайды. Мұнда ведомстволар арасындағы хат алмасу емес, объективті тексеру жүргізу, нақты мән-жайларды анықтау және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, кінәлілерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту қажет. Егер мемлекет бизнестен белгіленген қағидаларды сақтауды талап етсе, онда ең алдымен сол талаптарды өзі сақтауға міндетті, — деді депутат.

Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы:

— «СК-Фармация» ЖШС отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қойылатын талаптарды біркелкі қолдануын қамтамасыз етуді;

— «СК-Фармацияның» сатып алуларына мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген субъектілердің қатысу мәселесіне құқықтық баға беруді;

— 2027 жылға медициналық заттарды сатып алудың заңдылығын тексеруді;

— Жеке және заңды тұлғалардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне шағым жасалып отырған органдар мен ұйымдардың өздеріне осы өтініштерді қарау үшін қайта жолдау тәжірибесіне жол бермеуді керек деп есептейді.

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу науқаны аясында медициналық ұйымдар жалпы сомасы 567 млрд теңгеден астам қаражатқа өтінім берген.