Депутат ғылымды қаржыландыру мерзімін 10 жылға ұзартуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін қазіргі 3 жылдан 5–10 жылға дейін ұзарту ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай депутаты Мақсат Насибулов Астанада өткен халықаралық конференцияда айтты.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Елордада Дүниежүзілік ғылым күніне орай «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Іс-шара ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Құрылтай депутаты Мақсат Насибулов ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың қазіргі мерзімі ұзақ уақытты қажет ететін жобалар үшін жеткіліксіз екенін айтты.

— Қазір Қазақстанда ғылым үш жылға қаржыландырылады. Үш жылдан кейін ғалымның конкурстан өте алатыны немесе өте алмайтыны белгісіз. Ал мысалы, бидайдың жаңа сортын шығару үшін 10–12, кейде 15 жылға дейін уақыт қажет. Сондықтан менің ұсынысым — ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін 5–10 жылға дейін ұзарту, — деді депутат.

Оның айтуынша, бұл ұсыныстың барлық ғылым саласына қатысы жоқ. Аграрлық бағыттағы ұзақмерзімді зерттеулерге тұрақты қаржыландыру тетігін қарастыру қажет.

— Мысалы, жобаны он жылға жоспарлап, қаржыны үш жыл сайын бөліп отыруға болады. Бірақ ғалымдар мен институттар зерттеудің алдағы уақытта да қаржыландырылатынын білуі керек. Әрине, егер жұмыс тиісті деңгейде орындалмаса, қаржыны басқа ғалымдарға немесе институттарға беру мүмкіндігі де қарастырылуы тиіс, — деді деді депутат.

Ол үш жылдық мерзім аяқталғаннан кейін ғылыми жоба қайта қаржыландырылмаса, бұған дейін жұмсалған қаражат пен істелген жұмыстың нәтижесіз қалу қаупі бар екенін атап өтті.

Мақсат Насибулов бұл ұсыныстың ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдармен және мамандармен кездесу барысында көтерілгенін айтты. Алдағы уақытта мәселені Құрылтай депутаттарымен және тиісті мемлекеттік органдармен талқылау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, халықаралық конференцияға Орталық Азия елдерінен мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен зерттеушілер қатарынан 70-тен астам адам қатысып жатыр. Жиында климаттың өзгеруіне бейімделу, цифрлық трансформация және стратегиялық болжау салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ғылыми зерттеулерге қаржы бөлетін бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны хабарланды.