Депутат Қожаназаров фермерлерді шетел демпингінен қалай қорғауға болатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстанның фермерлерін астық пен сүт өнімдерін жеткізуші шетелдік компаниялар жасап отырған заңсыз импорт пен демпингтен қорғау керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы Ресейдегі астық өнімі рекордты 153 млн тоннаны құрады. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресейдің қорында былтырға қарағанда 44 пайыз көп сақталған. Контрабанда көп жағдайда есебі жүрмейтін, құжаты жоқ автокөлікпен тасымалданған. Бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу туралы жақында күшіне енген шешім тым кеш қабылданды. Себебі елге заңсыз жеткізілген астық көлемі 2 млн тоннадан артық. Нәтижесінде елімізге келтірілген залал сомасы 63 млрд теңгеден асып отыр. Бұл тек қосымша құн салығы мен ҚТЖ тарифіне қатысты. Ал феремерлер шығынын есептеген адам бар ма?», - деді А. Қожаназаров Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар ол еліміздегі сүт өндірушілердің де жағдайы қиындағанын айтты.

«Қазір Ресейде құрғақ сүттің профициті бар. Өзге нарықтың болмауы себебінен, ресейлік өндірушілер өз өнімдерімен Қазақстанның сауда желілерін толтырып жатыр. Ал отандық өндірушілер қиын жағдайға тап болып отыр. Бұл мәселені жедел шешу керек», - деді депутат.

Осы орайда ол Астық нарығында «Алашаңқай» арқылы («Достық (ҚР) – Алашаңқай (ҚХР)» шекара өткелі) бидай мен ұн тасымалдауға қатысты барлық кедергіні жою керек екенін айтты.

«Ол үшін еліміз Үкіметі Қытай жағымен келіссөз жүргізуі тиіс. Астық пен ұнды өткізу нарығын Таяу Шығыс, Иранға қарай кеңейту қажет. Мемлекеттік қорға кем дегенде 1 млн тонна көлемде астық сатып алу керек. Егін егу науқаны тоқтаусыз жүру үшін фермерлердің қарызын қайта құрылымдау құралдарын қарастырған жөн», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Оның сөзіне қарағанда, импортталатын сүт өнімдерінің кіріс бағасына толық талдау жүргізу маңызды.

«Контрабанда жолымен әкелуге жол бермеу бағытында шекарада бақылауды күшейту керек. Отандық өнім өндірушілер үшін «Қазақстанда жасалған» таңбасын барлық жерде пайдалана отырып, жергілікті тауарлар бойынша сауда желілерінде барынша тиімді орындар мен сөрелерді басым тәртіппен ұсыну қажет», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғанда, Ауыл шаруашылығы министрінің «ҚР аумағына бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» бұйырығы күшіне енді.