Депутаттар ішкі істер министрін тағайындауды Президенттің құзыретінде қалдыруды сұрап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Конституциялық реформаларға арналған Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар ішкі істер министрін тағайындауды Президенттің құзыретінде қалдыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Конституцияның қазіргі редакциясы бойынша қорғаныс, ішкі істер, әділет және сыртқы істер министрлерін Президенттің өзі тағайындайды. Ал конституциялық өзгерістерге сәйкес, әділет және ішкі істер министрін алып тастап, тек сыртқы істер мен қорғаныс министрлерін қалдыру ұсынылып отыр. Жарайды, әділет министрін тағайындауды Мемлекет басшысының құзыретінен шығаруға болады. Ал ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздік сияқты стратегиялық жұмысын ескере отырып, оны тағайындау мәселесін Президентке қалдыру қажет деп санаймыз", - деді депутат Анар Жайылғанова.

Бүгінгі конституциялық реформалар бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков аталған мәселенің қызу талқыға түскенін жеткізіп: "Шынымен де, ішкі істер министрлігінің құрамында Ұлттық ұлан сияқты әскери құрылым бар. Ал Президент Қазақстанның Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып саналады. Сондықтан бұл мәселені әлі де қарастыру қажет. Енді, Президент бұны Парламенттің талқылауына шығарып отыр. Осыған байланысты бәріңізге кеңесіп, ішкі істер министрін тағайындауды Президенттің құзыретіне қалдыруыңызға болады", - деп атап көрсетті.

Айта кетейік, отырыс барысында Жақсыбеков жаңа конституциялық өзгерістер бойынша депутаттардың министрлерді тағайындау және жұмыстан шығару жұмысына қатыса алатындығын жеткізд і.