Дербес деректеріңіз заңсыз таралғаны туралы хабарлама алсаңыз, не істеу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректеріңіздің заңсыз таралғаны туралы хабарлама алған кезде не істеу керектігін түсіндірді.
«2023 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістер аясында Цифрлық даму министрлігіне жаңа құзырет, яғни субъектілердің дербес деректерінің заңсыз таралып кетуі бойынша хабарлау құзыреті берілген еді. Өткен аптада Мемлекеттік техникалық қызмет жүйесінен осындай деректердің заңсыз таралу фактісі анықталды. Осы факті аясында министрлік тарапынан хабарлама жіберілді. 2 млн-ға жуық азаматтың деректерінің заңсыз таралғаны анықталды. Егер сіз электронды үкімет порталынан дербес деректердің заңсыз таралуы бойынша хабарлама алсаңыз, онда Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне өтінішпен жүгінуіңіз қажет», - деді Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы Ырысты Жәлілханова.
Оның атап өтуінше, дербес деректердің таралғаны туралы хабарлама екі жағдайда келуі мүмкін.
«Бірінші – сіздің сол микроқаржы ұйымының тұтынушысы болуыңыз және дербес деректеріңіздің заңсыз таралуы. Бұл әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Екінші – сіз ол компанияны мүлдем білмейсіз, сонымен қатар дербес деректеріңізді жинауға және өңдеуге келісім бермедіңіз. Мұндай жағдайда да деректердің заңсыз таралуы қарастырылады. Соған орай өтінішпен жүгіну қажет», - деді ол.
Бас сарапшының айтуынша, дербес деректердің таралуы азаматтардың беделіне нұқсан келтірумен қатар Конституциялық құқығына да зиянын тигізеді.
Бұған дейін «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ zaimer.kz «Робокеш.кз» ЖШС микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 миллионнан астам жеке дерегінің таралуын анықтағанын жазған едік.