Дэвис кубогы: Қазақстан мен Монако құрамында кімдер ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында 6-7 ақпанда Қазақстан мен Монако арасында Дэвис кубогы Бірінші әлемдік тобының плей-офф матчы өтеді.
Бұл бәсекенің ерекше маңызы бар. Жеңімпаз команда әлемдік элитадағы орнын сақтап, биыл күзде 2027 жылғы финалдың іріктеу турына қатысуға мүмкіндік алады.
Ойындар «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығының жабық корттарында болады. Матч төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.
Қос команданың турнир тарихында алғаш рет жолдары түйіскелі тұр. Қазақстан намысын әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик, сонымен қатар Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Тимофей Скатов және Денис Евсеев қорғайды.
Монако құрамында әлемнің 27-ракеткасы Валантен Вашеро бар. Сондай-ақ Леонардо Любичич, Ромен Арнеодо, Бенжамен Баллере, Юго Нисті атауға болады.
Қазіргі кезде командалар жаттығуын пысықтап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға кіргенін жазған едік.