Диабетке байланысты аяқ ампутациясы мен өлім көрсеткіші төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастар арасындағы аяқ ампутациясы мен өлім көрсеткіші төмендеген. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Фото: Pexels

Ведомство мәліметінше, қант диабетімен ауыратын науқастар арасындағы аяқ ампутациясының салыстырмалы көрсеткіші 2021 жылғы 0,28 пайыздан 2024 жылы 0,24 пайызға дейін азайған.

— Еуропа елдерінде диабетпен ауыратын науқастар арасындағы ампутацияның орташа жиілігі — жылына шамамен 0,29 пайыз. Ал АҚШ-та 2021 жылы бұл көрсеткіш 0,68 пайыз болған, — делінген жауапта.

Сонымен қатар елімізде қант диабетімен ауыратын науқастар арасындағы өлім көрсеткіші де азайған. Диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне сәйкес, 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,5 өлім жағдайы тіркелген. 2022 жылы бұл көрсеткіш 22-ге, 2023 жылы 21,12-ге дейін төмендеген. Ал 2024 жылы 21,54 болған.

Министрліктің мәліметінше, кейінгі көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден де төмен. Атап айтқанда, 2018–2019 жылдары қант диабетімен ауыратындар арасындағы өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 27–27,7 болған.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда жарты миллионнан астам адам қант диабеті диагнозымен есепте тұрғанын жазған едік.