Диаметрі 30 метрге дейін жететін астероид 18 мамырда Жерге жақындайды

АСТАНА. KAZINFORM – Жуырда ғана анықталған астероид 18 мамырда Жерге шамамен 90 мың шақырым қашықтыққа дейін жақындайды, деп хабарлайды ABC News .

Фото: pixabay.com

Ғарыштық өлшеммен алғанда бұл өте жақын қашықтық болғанымен, ғалымдар Жермен соқтығысу қаупі жоқ екенін атап өтті.

Алдын ала мәліметтер бойынша, нысан Жер мен Ай арақашықтығының шамамен төрттен бір бөлігіне тең қашықтықтан өтеді. Астероидты бірнеше күн бұрын бірден бірнеше обсерваторияның астрономдары байқаған. Олардың қатарында Канзас штатындағы Фарпойнт обсерваториясы мен Аризонадағы Маунт-Леммон обсерваториясы бар.

NASA жанындағы Реактивті қозғалыс зертханасының есептеулеріне сәйкес, аспан денесінің өлшемі 15-тен 30 метрге дейін болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мамандар оның орбитасы мен физикалық сипаттамаларын нақтылап жатыр.

Әзірге астероид бірнеше күн ішінде небәрі 24 рет қана бақыланғандықтан, оның траекториясы әлі де түзетіліп жатыр. Соған қарамастан қазіргі есептеулер Жермен соқтығысу қаупі жоқ екенін көрсетеді.

Нысан Жерге жақын «Аполлон» класына жататын астероидтар қатарына кіреді. NASA мәліметінше, мұндай аспан денелері Күнді айнала қозғалатын Жер орбитасымен қиылысатын орбита бойымен қозғалады.

Бұған дейін АҚШ пен Еуропаның ғарыш агенттіктері 2032 жылы Жермен соқтығысуы мүмкін астероидты бақылап отырғаны хабарланған еді.

Айта кетейік, былтыр қыркүйекте Челябі метеоритінен 1000 есе ауыр ірі астероидтің Жерге жақындап келе жатқанын жаздық.

Ал NASA Айға қауіп төндіретін астероидқа ядролық соққы бермекші.