Дидар Қалиахмет: Пышақты көрдім, бірақ өзімді ғана қорғауға тырыстым
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында басты айыпталушы Дидар Қалиахмет жауап беріп, қылмыс жасалған сәттегі жағдайды баяндап берді.
– 2024 жылдың 4 қазан күні сағат 00:30 шамасында ағам Санат Әбдіқадыр және інім Дәулет Мұратов үшеуіміз моншадан шыққан соң Шота Руставели көшесімен жүріп, «Қамажай» дүкенінің алдына тоқтадық. Сол жерде бір топ жігітпен жолықтық, олар амандасты. Сол сәтте Ғайыпбаев ағам Санатты тоқтатып, «Төбелеске келдіңдер ме?» деп сұрады. Ағам: «Мен шалмын ғой» деп жауап қатты. Оған Нұрқанат: «Шалға ұқсамайсың» деді», – деді Қалиахмет.
Оқиға барысын одан әрі тарқатқан айыпталушы былай дейді:
– Сол кезде мен де Нұрқанат пен Санаттың жанына бардым. Артынша біз дүкенге кірдік, ішінде ешкім болмады. Екі бөтелке сыра алып, кассаға жақындадым, бірақ сатушы табылмады. Содан кейін дүкенге екі қыз кірді, артынан Азамат келді. Қаржаубай да келіп, оған Санат сыраның ақшасын төледі. Сол сәтте далада шу естілді. Қаржаубай бізді дүкеннен шығарып жіберді. Сыртқа шыққанда артыма қарасам, Қаржаубайдың қолынан пышақтың жүзі жылтырап көрінді. Өзімді қорғау үшін Қаржаубайдың қолынан ұстап, «қой, қой» деп тоқтатуға тырыстым. Қасымдағы балалар да Қаржаубай ағайға сабыр сақтауды өтініп жатты. Сол сәтте біреу мені киімімнен тартып қалды. Кейін бейнежазбадан оның Шыңғыс екенін көрдім, – деп түсіндірді сотталушы.
Дидар Қалиахметтің айтуынша, кейін сыртқа шығып Нұрқияспен амандасып, көлікке отырған. Сол сәтте мылтық дауысын естіген.
– Көлікті тоқтатып, Санат пен Дәулетке «Отыра тұрыңдар, мен барып не болғанын көріп келейін» дедім. Шота Руставели көшесіне қайта барғанымда жігіттер төбелесіп жатқанын көрдім. Жақындай бергенімде «Менің бала-шағам бар» деп, артқа шегініп, көлікке мініп кеттім. Санаттың үйіне барып, сол жерден жұбайым келіп алып кетті, – деді ол.
Сонымен қатар Дидар Қалиахмет сот барысында сотталушылардың кейбірімен бұрыннан таныс екенін айтты. Оның айтуынша, Шынасыл Абзалды мектеп кезінен таниды, Нұрқиясты бала кезден біледі, ал Равильді тек бір рет – өткен жылы тойда көрген. Дегенмен ол сотталушылардың ешқайсысымен тығыз байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Абзал Шынасыл кімді пышақтағанын айтты.
Шерзат ісіндегі басты айыпталушы осыған дейінгі сөзінен бас тартқаны жайлы жазған болатынбыз.
Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейтінін айтқан.
Тағы бір сотталушы Нұрқияс Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірсе, Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін растады.
Кәмелетке толмаған тағы бір айыпталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөспірім қаза болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.