Диқандар дизель отынын қандай бағамен алады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель арзандатылған бағамен беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Фото: Shutterstock

- 2026 жылғы қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңге «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402,2 мың тонна дизель отынын беру графигін» бекітті. Өңірлердегі дизель отынына Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді. Ол литріне 281 теңгені құрайды. Бұл литріне 49 теңгеге арзан немесе жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 15 пайызға төмен, - деді ол.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданған:

- жеке ПИН-кодтар белгілеу;
- дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу;
- электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру.

- Нәтижесінде нақты іріктеу 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін немесе 127 мың тоннаға немесе 21 пайызға азайды. Бұл тәжірибені жалғастыру ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді, - деді Ерлан Ақкенженов.

Оның дерегінше, ақпан-сәуір аралығындағы кезеңге 402,2 мың тоннадан 204,8 мың тонна немесе 51 пайыз дизель отыны тиеп жөнелтілді. Нақты айтқанда, ақпанда 12,7 мың тонна, наурызда 94 мың тонна, сәуірде 97,8 мың тонна жіберіллді. Ал мамырда 116,3 мың тонна, маусымда 32,9 мың тонна жөнелту жоспарланып отыр.

- Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын тиеп-жөнелту Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында, - деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынып жатыр.