Димаш бүгінгі жекпе-жегінен кейін Головкиннің қолын алып, қолдау білдірді
«Біз үшін сен чемпионсың және чемпион болып қала бересің!!! Алға Қазақстан!» - деп жазды әнші Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
Бір-біріне зор құрмет көрсеткен Қазақстанның қос жұлдызына желі қолданушылары да ізгі тілектерін жаудырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Геннадий Головкиннің арнайы шақыртуымен Димаш Құдайберген GGG-Canelo үшінші жекпе-жегі алдында Мемлекеттік әнұранымызды орындап, спортшыға қолдау көрсеткен еді.
Сондай-ақ, әнші жерлесіміздің жеңісіне сенім білдірген болатын.
Алайда, 12 раундтық бокс жекпе-жегі төрешілердің шешімі бойынша мексикалық Сауль Альварестің пайдасына шешілді .
Кәсіпқой мансабындағы ең қауіпті қарсыласы Сауль Альварестен екінші рет жеңіліс тапқанына, жасының 40-та болғанына қарамастан, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстан әлі кетпейтінін мәлімдеді.