Бағдарлама жүргізушісі Макс Фостер Димашты «әлем бойынша орасан зор тыңдарманы бар қазақстандық әнші» деп таныстырып, оның сегіз жыл бұрын Қытайда бірегей стилі мен алты октавалық дауысымен танылғанын атап өтті. Сондай-ақ жүргізуші әншінің 16 тілде ән орындайтынын және жуырда Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында концерт өткізгенін еске салды.
Сұхбат барысында Димаш Құдайберген кәсіби жолының бастауын еске алып, вокалдық шеберлігінің қалыптасуы туралы айтты:
– Халықаралық мансабым шамамен 15 жыл бұрын басталды. Алдымен опералық вокалды меңгеріп, кейін поп және джаз бағытында дамыдым. Қазір де үнемі білімімді жетілдіріп отырамын, – деді ол.
Әнші не себепті опера театрының ұсынысынан бас тартып, заманауи музыканы таңдағанын да түсіндірді:
– Менің дауыс табиғатыма неоклассикалық бағыт көбірек сәйкес келеді. Дегенмен кейде тәжірибе жасап, концерттерде рок немесе рэп элементтерін қосамын, – деді Димаш.
Сондай-ақ ол дауыс диапазонының кеңеюі мен кәсіби еңбегі туралы айтып, ұстазы Марат Айтимовқа алғыс білдірді.
– Бұл – Жаратушының сыйы, бірақ ең бастысы – еңбек. Мен күн сайын вокалдық жаттығу жасаймын. Паваротти айтқандай, елу жыл сахнада болған соң ғана «қалай ән айту керек екенін түсінесің» деген сөзімен толық келісемін, – деді әнші.
Сұхбат соңында Димаш өзінің басты миссиясын – Қазақстанның мәдениетін әлемге таныту деп атап өтті:
– Мен үшін ең үлкен мақтаныш – елімнің мәдениеті мен тарихын, дәстүрін, бейбітшілік пен сүйіспеншілік құндылықтарын әлемге жеткізу. Сондықтан айтарым – Қазақстанға қош келдіңіздер, – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Вьетнамдағы бұқаралық ақпарат құралдары 6 желтоқсан күні Ханой қаласында өтетін ең ірі 8WONDER Winter 2025 фестивалінде өнер көрсететін Димаш Құдайберген туралы жазған болатын.