Димаш Құдайберген «Тау ішінде» әніне бейнебаян түсірді
АСТАНА. KAZINFORM — 15 мамырда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.
«Тау ішінде» премьерасы қарсаңында DimashNews редакциясы бейнебаянның режиссері Ғалым Асыловтан және музыкалық фильмде басты рөлді сомдаған актриса Айым Сейітметовадан сұхбаттасты
Режиссер Ғалым Асыловтың сөзінше, бейнебаянда Димашты ерекше жанрда түсіріп, көрерменді таңғалдырғысы келгендерін айтады.
— Әуелі, әрине, әнді орындап алдық. Біз сценарийді басқаша жазып, Димашты ерекше жанрда түсіріп, көрерменді таң қалдырғымыз келді. Әнші бұдан бұрын хоррор, экшн, ғарыштық фантастика жанрында бейнебаяндарға түсіп көрген, сол себепті бұл жолы комедия жанрында байқап көруді жөн көрдік, — деді ол.
Асылов түсірілімде ең қиын, қызықты және есте қалған қандай ерекше сәттер болғанын айтып берді.
— Димаштың бейнесін басқа кейіпкерлермен үйлестіру оңай іс емес еді, нәтижесі стандартқа сай келмеуі мүмкін, бірақ бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймын. Әсіресе, әкесі мен шешесі болып ойнаған басты рөлдегі кейіпкерлердің ойыны, олардың кәсіби шеберлігі мені таңғалдырды. Бір қызығы, бейнебаянның алғашқы көріністеріндегі сөздерді түсірілім алаңындағы актерлар импровизациялаған, — деді маман.
Режиссер басты рөлдерге актерлерді қалай таңдалғанын айтты.
— Димаш бірден актерлік отбасыға ұсыныс жасады, бұл әрине, тамаша шешім болды. Ол отбасы Димашты бала кезінен біледі, яғни отбасылық достар, — деп түсіндірді Ғалым Асылов.
Димаштың жаңа бейнебаянында ата-анасы, танымал әртістер Азат Сейітметов және Данагүл Темірсұлтановамен бірге қазақстандық актриса әрі блогер Айым Сейітметова түсті.
Айым ҚазҰӨУ-ді «Музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша бітірген. Актриса комедиялық және мелодрамалық сериалдар мен фильмдердегі рөлдерімен танымал. Ол: «Квартиранттар», «Той любой ценой», «Жібек», «Шекарасыз махаббат» және т. б. киноларда ойнаған.
Айым бейнежазбаны түсіру жұмысының қалай басталғанын айтты.
— Маған анам хабарласып, Димаштың клипына түспекші болып жатқандарын және маған басты рөлде ойнауды ұсынғаны туралы айтты. Анам менің контактімді әншіге беріп қойғанын және олардың жақын арада маған қоңырау шалатыны туралы ескертті. Сценарийдің өте қызықты екенін және менің келісімімнің маңызды екенін айтты. Ата-анамды да клипке қатысуға шақырыпты. Сценарий шынымен де өте қызықты екен. Мен бірден бұл жобаға қатысу туралы ұсынысты қуана қабылдадым, — дейді актриса.
Өнер иесі ата-анасымен жұмыс істеу құнды дүние екенін атап өтті.
— Мен ата-анаммен бірге түсірілімдерге түскенді жақсы көремін. Олардың жанында өзімді ерекше жайлы сезінемін. Олар әрдайым қолдап, кеңестерін беруден аянбайлы. Әрине, олардың тәжірибесі де мол. Бір кадрға бірге түсу өте құнды дүние. Өйткені бұл да біздің отбасы тарихымыздың ұзақ жылдар бойына сақталатын естелігі. Кинодағы ең алғашқы рөлімде әкеммен бірге түскен болатынмын. Ол сценарий бойынша маған әкемдей болған аға рөлін ойнаған болатын. Оның мені сол кездегі қолдауын ешқашан ұмытпаймын. Ата-анаммен бір кадрда ойнағаныма ерекше қуаныштымын, — деді ол.
Ол Димашпен алғаш рет түсірілім алаңында жұмыс істегенде алған әсерімен бөлісті.
— Димаш — өте мұқият, қамқор жан, сондай-ақ, онымен әңгімелесу өте қызықты. Ол бәріне көңіл бөлуге тырысады. Осы үш күндік түсірілімде ұжыммен бірге өткізген аз ғана уақытымызда — қаншама эмоциялар, жылулық пен жақсы энергияға толы сәттер көп болды. Димашпен және оның командасымен жұмыс істеу маған қатты ұнады. Ол көңілді, талантты және еңбекқор, сондай-ақ юморды ерекше түсінетін тамаша адам. Еліміздің нағыз мақтанышы! Осындай әншінің бейнебаянына түсу біз үшін үлкен мәртебе, — деп түйіндеді Айым Сейітметова.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген «Тау ішінде» атты жаңа әніне челлендж жариялады.
Осыған дейін Бразилияда Димаштың суретімен безендірілген автобустар пайда болғанын жаздық.