Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы Алматыда көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар Димаш Құдайбергенмен бірге Voice Beyond Horizon халықаралық жобасының алғашқы эпизодын тамашалады.
Жобаның премьерасы Қытайдың Hunan TV телеарнасында өтті. Ал Алматыда алғашқы бөлімнің көрсетілімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болды. Онда әншінің жанкүйерлері жиналып, премьераны үлкен экраннан көрді. Димаш алғаш рет продюсер болған жоба қытайлық Hunan TV телеарнасымен бірлесіп жасалған.
Voice Beyond Horizon көрсетілімі басталғанға дейін қонақтарға шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Одан кейін сахнаға Димаш Құдайбергеннің өзі шығып, жоба туралы айтып берді. Ол отандастарын халықаралық жобаны қолдауға шақырып, бұл жеке бастама емес, елді таныту мен жас таланттардың әлеуетін ашуға арналған ортақ платформа екенін атап өтті.
— Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі дәл осы сәтте әлемдік аудитория назарына Қазақстанда түсірілген Voice Beyond Horizon жобамыз ұсынылып отыр. Бұл еліміздің дамуы мен танымал болуына бағытталған ортақ жобаны сіздермен бірге таныстыру — мен үшін үлкен мәртебе, — деді ол.
Димаштың айтуынша, жоба байланысқа шақырады, мәдениетті біріктіреді, елдер арасындағы достықты нығайтады және шығармашылыққа шабыт береді. Ол Voice Beyond Horizon арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның сұлулығы мен музыканың күшін көрсетуді мақсат еткенін айтты.
Бұған дейін Димаш халықаралық музыкалық байқау туралы ой I’m Singer жобасына қатысқан кезде келгенін айтқан еді. Оның сөзінше, ауқымды вокалистер байқауын бір күні Қазақстанда өткізуді армандаған.
Жобаға Сербия, Италия, Малайзия, Қырғызстан, Қытай және Қазақстаннан келген жас әншілер қатысқан. Шоу түсірілімдері 22 күн бойы Түркістан, Ақмола, Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтті. Жоба қатысушылары елді пойызбен аралап, Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра шатқалы, Көбейтұз және Қайыңды көлдері, Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Щучинск-Бурабай курорттық аймағы секілді негізгі туристік нысандармен танысты.
Өнер иесінің әкесі Қанат Айтбаев Димаштың елдің туристік әлеуетін танытуға, жас орындаушыларды қолдауға және мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған халықаралық жоба идеясын көптен бері ойлап жүргенін айтты.
— Димашқа Voice Beyond Horizon жобасын тоғыз жыл бұрын оны халықаралық сахнаға шығарған Hunan TV телеарнасымен бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Бағдарламада еліміздің ең көрікті аймақтары көрсетіледі. Hunan TV аудиториясы әлемдегі ең ірілердің бірі екенін ескерсек, жоба көрермендердің қызығушылығын тудырады деп үміттенеміз, — деді Қанат Айтбаев.
Еске салайық, Hunan TV телеарнасының аудиториясы 1,9 миллиардтан асады. Жоба Mango TV цифрлық платформасында да көрсетіледі.