Концерт аясында Madison Square Garden сахнасында алғаш рет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, қазақ тіліндегі әндер шырқалды. Олардың қатарында авторлық жаңа туындысы — «Самғау» әнінің тұсаукесері де болды.
Сондай-ақ Димаш бұл сахнада алғаш рет «Love’s Not Over Yet» туындысын орындады. Бұл әнге екі мәрте Grammy сыйлығының иегері Уолтер Афанасьев сүйемелдеу жасады.
— Концерт бағдарламасында ерекше орын алған «The Story of One Sky» композициясы кештің ең әсерлі әрі эмоциялық тұрғыдан маңызды бөлімдерінің біріне айналды, — делінген хабарламада.
Madison Square Garden сахнасындағы бұл алғашқы қадам Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолындағы маңызды белес болып, оның көпжылдық еңбегінің, кәсіби дамуының және үлкен арманының жүзеге асуының айқын көрінісіне айналды.
Жаңа концерттік тур қарсаңында Димаш, оның командасы мен отбасы осы оқиғаға бастау болған еңбек жолы туралы естеліктерімен, әсерлерімен және эмоцияларымен «Арман тарихқа айналғанда» атты деректі фильмде баяндайды.
Бұған дейін Димаштың латынамерикалық жанкүйерлері қазақ тіліндегі халықаралық жобаны таныстырды.