Димаштың туған күнінде Қытайда ауқымды қайырымдылық шарасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мен әншімін» байқауы кезінде Қытайда Димашты қолдайтын бірнеше  ұйым құрылған. Оның әрқайсында бірнеше миллионнан адам бар.

Dimash Sisters, 25 Dears,  Dombra, Dimdears,   DearsForever  деп аталатын ұйымдар байқау кезінде әншіге өте зор қолдау көрсетті, деп жазады aktobegazeti.kz.

Енді байқау бітті. Әлгі ұйымдар тарай ма? Жоқ. Қытайдың Weibo әлеуметтік желісі таратқан таратқан хабарларға сенсек,   олар әрі қарай да жұмыстарын жалғастыра бермек.

Қытайда жанкүйер мәдениеті деген ұғым мүлде  бөлек көрінеді. Өткенде Димаштың алғашқы турда киіп шыққан киімі сатылып кеткені туралы хабарланған болатын. Оқиға былай болған. Сондағы белгілі бір сайтқа сұхбат берген Димаш қазақы дархандықпен алғашқы турға киіп шыққан киімін сыйға тартқан. Әлгі  сайт дереу түскен киімді аукционға шығарып,  одан түскен қаржыны жетім-жесірге, жетім балаларға үлестірілетінін хабарлаған.  Бастапқы бағасы біздің ақшаға  шаққанда, 8500 теңгедей болған. Аукционға 169 адам қатысқан.  Сол кезде жоғарыда аталған  ұйымдардың бірі  біздің ақшаға шаққанда,  7 миллион, 200 мың теңгеге шамалас қаржыға  сатып алыпты. Өйткені олардың байламынша,   Димашқа қатысты әрбір дүние, тіпті титтей нәрсе болса да сақталуы тиіс.

Weibo әлеуметтік желісі таратқан хабар бойынша,  Димаш туған күні - 24 мамырда  Қытайда ауқымды қайырымдылық шара өтпек. Оған Димашты қолдайтын ұйымдар атсалысатын болады.

Күншығыс елі үшін Димаштың есімі  енді осылайша  Ізгіліктің синонимі болмақ.