Зәкиева балалар үйіндегі мәселе туралы: облыс әкімдігі қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді

Фото: Динара Закиеваның Facebook парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы қаласындағы (Бағанашыл) Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру жағдайын түсіндірді. 

— Бүгін балалар үйінің тәрбиеленушілері емес, өмірлік қиын жағдайға тап болған орталықтың балалары көшірілді. Орталықта өмірлік қиын жағдайға тап болған және облыстың әртүрлі бөліктерінен келген балалар уақытша тұрады. Көктемде балалар мен әкімдік арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша, орталықта тұрып жатқан балалар мен мекеменің өзі көшетіні шешілген болатын, бұл ақпаратты мен көктемде жариялағанмын. Кеше бұл туралы облыстық білім басқармасының ресми парақшасында хабарлады, — деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Динара Зәкиева. 

Сондай-ақ балалар омбудсмені Алматы облысының әкімдігі орталықта тұратын балаларды көшіру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпегенін тілге тиек етті. 

— Соның салдарынан бүгін жол берілмеуі тиіс жағдай болды. Балалар үйінде тәрбиеленуші қыз есінен танып қалды, бір баланың аяғы жарақаттанды. Осы жағдай бойынша, балалардан келген хабарламадан кейін, әкімдікке соңғы апта ішінде бірнеше рет жүгіндім. Алайда жергілікті атқарушы орган хабардар етпей, келісілмеген әрекетті жүзеге асырды. Барлық жағдай бойынша Президент Әкімшілігі тексеру жүргізеді, арнайы топ құрылды. Өңірлік уәкілмен бірге балаларға бара жатырмын, — дейді ол.

Бұған дейін белгілі болғандай «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды