Басылымның мәліметінше, соққылар 6 қараша күні кешке Кешм аралындағы Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне бағытталған. АҚШ президенті Дональд Трамп әскери операцияны ауқымы жағынан шағын деп атап, америкалық әскерилерге зениттік қондырғыны жою үшін бірнеше минут қана қажет болғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы АҚШ-тың Катардың араағайындығымен Иранмен жүргізіп жатқан келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін айтты.
– Қазір біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Олар келісім жасағысы келеді, – деді Трамп.
Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Кешм аралындағы Суз ауданында екі зымыранның жарылғанын хабарлады. Қирау ауқымы мен зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы Иранның оңтүстігінде америкалық әскери ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын мәлімдеген еді. Вашингтон бұл ақпаратты растаған жоқ.
Әскери шиеленіске қарамастан, Катар араағайындық әрекеттерін жалғастырып жатыр. Euronews мәліметінше, Тегеран Иранның ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ-пен келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі Доханың жаңа ұсыныстарын қарастырып жатыр.
Иранның талаптары қатарында АҚШ-тың порттарды қоршауын тоқтату, санкцияларды алып тастау, бұғатталған активтерді босату және өңірдегі әскери әрекеттерді тоқтату бар.
Сонымен қатар 6 қарашада Дональд Трамп Катар әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл Танимен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар шиеленісті бәсеңдету және келісімге қол жеткізу жөніндегі дипломатиялық күш-жігерді талқылады.
Бұған дейін Катар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің сәтсіз аяқталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Доха араағайындар дипломатиялық жолмен шешімге қол жеткізу үшін Вашингтон және Тегеранмен іс-қимылды үйлестіруді жалғастырып жатқанын атап өтті.