Қатар АҚШ пен Иран келіссөздерінің сәтсіз аяқталғанын жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — 7 қарашада Қатар билігі әлеуметтік желілерде елдің премьер-министрі мен сыртқы істер министрі АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің сәтсіз аяқталғаны туралы мәлімдеме жасады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп ТАСС агенттігі жазды.

Қатар АҚШ пен Иран келіссөздерінің сәтсіз аяқталғанын жоққа шығарды
Фото: Анадолы

Қатардың Халықаралық медиа кеңсесі осыған қатысты ресми мәлімдеме жариялады.

— Қатар премьер-министрі әрі Сыртқы істер министрі АҚШ пен Иран келісімге келе алмады деп мәлімдеді деген әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, — делінген мәлімдемеде.

Медиа кеңсенің айтуынша, шейх Мұхаммед бен Абдель Рахман Әл Танидің сөздері соғыстың жалғасуы мен аймақтағы тұрақсыздықтан пайда көріп отырған күштер тарапынан әдейі бұрмаланған. Сондай-ақ жалған аккаунттар дипломатиялық күш-жігерге кедергі келтіріп, аймақтағы ахуалды одан әрі ушықтыру үшін жалған ақпаратты жаппай таратып жатқаны айтылды. Ведомство мұндай әрекеттерді аса жауапсыздық деп бағалады.

Мәлімдемеде Премьер-министрдің шын мәнінде екі тарап та келісімге келу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын растағаны айтылған. Қатарлық делдалдар келіссөздерді ілгерілету үшін Вашингтон және Тегеранмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.

Қатар АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздерге араағайындық жасап отырған негізгі тараптардың бірі. 2 қарашада Reuters агенттігі Қатар делегациясы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен жасалуы мүмкін келісімді талқылау үшін Тегеранға барғанын хабарлады. Келесі күні Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджид бен Мұхаммед әл-Ансари делегацияның Дохаға оралғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, Вашингтон мен Тегеран келіссөздерді жалғастыруға ниетті және қақтығысты реттеу жөніндегі Қатардың ұсыныстарын қарастырып жатыр.

6 қарашада Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани АҚШ Президенті Дональд Трамппен Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған дипломатиялық шараларды талқылады.

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз жалғасып жатқанын мәлімдегенін хабарлаған болатызбыз.