17-18 қазан күндері Ақтау қаласында дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы өтіп жатыр.
Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Диёра Келдиёрова финалда әзербайжандық Фарида Мирзаевамен кездесті. Шешуші белдесуде өзбекстандық спортшы қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
Аталған салмақта қазақстандық дзюдошылар да жүлдесіз қалған жоқ. Нұрайым Сәрсенбек пен Гүлхан Шыңғысхан қола медаль иегерлері атанды.
Айта кетейік, бұл Диёра Келдиёрова үшін 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ресми жарыс болды. Олимпиададан соң спортшы ана атануына байланысты біраз уақыт жарыстарға қатыспаған еді.
Осылайша, Олимпиада чемпионы үлкен спортқа қайта оралуын алтын медальмен атап өтті.
Ақтаудағы халықаралық додаға жеті мемлекеттен 180-нен астам дзюдошы қатысып жатыр.
Ал дзюдодан Хорватиядағы Grand Slam турниріне ел намысын кімдер қорғайтынын мына сілтемеден оқыңыз.