Украиналық Дмитрий Парфенов «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.
Дмитрий Парфенов 1974 жылы дүниеге келген. Ол Ресейдің «Спартак» командасының намысын қорғап, Ресейдің төрт дүркін чемпионы атанған.
1996-2004 жылдары Украина ұлттық құрамасында ойын көрсетті.
2012 жылы бапкерлік мансабын бастап, Ресей жасөспірімдер құрамасының тізгінін ұстады. Кейіннен «Текстильщик» (Иваново) клубын баптап, «Тосно» (Санкт-Петербург) ұжымымен Ресей кубогін жеңіп алды.
Одан бөлек, ресейлік «Урал» клубымен де ел кубогінің финалына дейін жетті. Сондай-ақ, тулалық «Арсеналды» жаттықтырды. 2022-2023 жылдарда «Родина» (Мәскеу) клубына Ресейдің бірінші лигасында басшылық жасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын ақтөбелік клубқа жетекшілік жасаған Андрей Карпович Семейдің «Елімай» командасына бас бапкер қызметіне тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.