АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 234-ракеткасы Дмитрий Попко Саванна (АҚШ) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 252-сатыдағы нидерландылық Гийс Брувермен шеберлік сынасты.
Бірінші партияда тай-брейкте Попко сәттірек ойнады – 7:6 (9:7).
Екінші сетте Дмитрий брейкпен алға кетті – 3:1. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Екі сағат 18 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Попко 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Брувер 1 эйстен аса алған жоқ.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін әлемнің 209-ыншы, осы доданың 5-ракеткасы, швейцариялық Александр Ришармен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Чехиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Юлия Путинцева Мадридте әлемнің 8-ракеткасын жеңіп, 3-айналымға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).