Қазақстандық Дмитрий Попко Буэнос-Айрес (Аргентина) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Әлемнің 417-ракеткасы жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 727-орында тұрған бразилиялық Жоао Фонсекамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда бірден 3:0 есебімен алға кеткен қазақстандық теннисші есесін жібермеді - 6:2.
Екінші сетті де ол жеңіспен тәмамдады - 6:4.
Бір сағат 25 минутқа созылған матчта Попко 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Дмитрий Попко финалда әлемнің 415-ракеткасы, Перу өкілі Гонсало Буэномен бас жүлдені сарапқа салады. Ол тағы бір бразилиялық Жоао Лукас Реис Да Сильваны ұтты - 6:4, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Аргентинадағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).