Дмитрий Попко екінші рет қатарынан Сербиядағы турнирдің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 652-ракеткасы Дмитрий Попко Куршумлия-Баня (Сербия) ITF M15 турнирінің финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Д. Попко барлығы төрт кездесуінде жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 999-орындағы франциялық Александр Обрьоға тап келді.

Д.Попко қарсыласын қиналмай ұтты — 6:4, 6:0.

Д.Попко финалда әлемнің 615-ракеткасы, сербиялық Бранко Джуричпен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 914-сатыдағы өзбекстандық Никита Белозерцевті тізе бүктірді — 6:1, 6:2.

Дмитрий Попко өткен аптада Куршумлия-Банядағы дәл осындай додада финалға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға өтті.

Александр Бублик төртінші айналымнан тыс қалды.