US Open: Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты. 

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 105-орындағы испаниялық Джессика Бузас Манейромен шеберлік байқасты. 

Қарсыластар осыған дейін 2024 жылы Аустралияда өткен United Cup турнирінде кездесіп, онда Рыбакина 6:2, 6:3 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы бастапқы партияда Елена 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді — 6:2.

Қазақстандық теннисші екінші сетте де брейк жасай білді — 3:1. Бірақ матчқа доп қосқанда, өз геймін беріп қойды — 4:5. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:4.

Бір сағат 8 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Испаниялық спортшы 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. 

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 58-ракеткасы, Украина өкілі Юлия Стародубцевамен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді камбэкпен ұтып кетті — 1:6, 7:6 (7:4), 6:2.

Е.Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымында күтпеген жерден Ю.Стародубцевадан 6:3, 1:6, 6:7 (4:10) есебімен жеңіліп қалғаны белгілі. Қазақстандық теннисші сонда кеткен есені қайтара ала ма, оны алдағы матч көрсетеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның Олимпиада чемпионын қапы қалдырғанын жазған едік

Сондай-ақ Александр Бублик қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.

Анна Данилина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды

АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцева жарыс жолын аяқтады