Анна Данилина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина биылғы WTA қорытынды турнирінде өнер көрсетеді.

Анна Данилина
Фото: ҚТФ

Әйелдер теннисі қауымдастығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге Индиан-Уэллсте 8-15 қарашада өтетін WTA Finals жарысына мерзімінен бұрын жолдама алды.

Биылғы маусымда А.Данилина – А.Крунич Дохадағы додада жеңімпаз атанды. Оған қоса екі рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жетті. 

Бұл А.Данилина үшін осындай екінші қорытынды жарыс болмақ. Ол 2022 жылы бақ сынаған еді. Ал А.Крунич алғаш рет қатысқалы отыр. 

Данилина мен Круничтен бөлек, қорытынды додаға чехиялық Катерина Синякова – америкалық Тейлор Таунсенд, канадалық Габриэла Дабровски – бразилиялық Луиза Стефани барады. Қалған төрт жолдама иелері күзгі жарыстардың нәтижесі бойынша анықталады. 

А.Данилина – А.Крунич қазіргі кезде Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан АҚШ ашық чемпионатында 3-ракетка болып тіркелген. Қазақстандық-сербиялық жұп бастапқы кездесуін Чили өкілі Алекса Гуарачи – мысырлық Майар Шерифпен өткізеді. 

Өткен жылы WTA қорытынды турнирінде жекелей сында қазақстандық Елена Рыбакина үздік шыққан болатын. Ол биыл WTA чемпиондық кестесінде көш бастап келеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның Олимпиада чемпионын қапы қалдырғанын жазған едік

Сондай-ақ Александр Бублик қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.