АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 250-ракеткасы Дмитрий Попко Мерида (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 540-орында тұрған америкалық Алекс Рыбаковпен кездесуі керек еді.
Әйтсе де А.Рыбаков келмей қалды да, Д.Попко ойнамастан ширек финалға жолдама алды.
Дмитрий Попко жүлде қоры 41 мың АҚШ долларына бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 230-ракеткасы, тағы бір америкалық Тристан Бойер немесе рейтингіде 702-орындағы мексикалық Родриго Пачеко Мендестің біреуімен таласады.
Д.Попко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 234-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовның Хорватиядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).