АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 652-ракеткасы Дмитрий Попко Куршумлия-Баня (Сербия) ITF M15 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 615-ракеткасы, сербиялық Бранко Джуричке қарсы келді.
Попко матчты сәтті бастады — 7:6.
Екіншісінде жергілікті теннисші есе қайырды — 6:2.
Үшінші, шешуші сетте Дмитрий 3:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады — 4:6. Сөйтіп қолда тұрған жеңістен айырылып қалды.
Дмитрий Попко өткен аптада Куршумлия-Банядағы дәл осындай жарыстың финалында Б.Джуричке жол берген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға өтті.
Александр Бублик төртінші айналымнан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).