АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 493-ракеткасы Дмитрий Попко Анталия (Түркия) ITF M15 турнирінде үздік шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы блып тіркелген қазақстандық теннисші алдымен аустриялық Маттиас Уйвариды 6:1, 3:6, 6:1 есебімен жолдан тайдырды.
Содан кейін екінші айналымда франциялық Антони Фабрдан басым түсті – 6:0, 6:3.
Ширек финалда чехиялық Матиаш Черныды қапы қалдырды – 6:3, 6:2.
Жартылай финалда ирандық Али Язданиды 7:6 (7:4), 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Д.Попко финалда әлемнің 374-інші, турнирдің 1-ракеткасы, ресейлік Андрей Чепелевтен айласын асырды – 6:2, 7:5.
Дмитрий Попко осы табысы нәтижесінде қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 483-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Чилидегі жарыста топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мысырдағы турнирде екінші рет жеңімпаз атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).