Жібек Құламбаева Чилидегі жарыста топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Колина (Чили) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.

Румыниядағы Яссы турнирі: жарыстың 1-ракеткасын жеңген Жібек Құламбаева финалға шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық спортшы словениялық Вероника Эрьявецпен бірге жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген еді.

Олар финалда турнирдің бірінші ракеткалары, украиналық Валерия Страхова – ресейлік Анастасия Тихоновамен бас жүлдені сарапқа салды.

Финалдық бәсеке 6:4, 6:3 есебімен қазақстандық-словениялық дуэттің пайдасына шешілді.

Бір сағат 16 минутқа созылған матчта Жібек пен Вероника 1 эйспен қоса 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Ресейлік жұп 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Ж.Құламбаева – В.Эрьявец өткен аптада Колумбиядағы осындай жарыста үздік шыққан еді.

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 78-орынға көтеріліп тұр. Бұл оның жеке рекордтық көрсеткіші болып есептеледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның екінші рет қатарынан жарыстың финалына шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мысырдағы турнирде екінші рет жеңімпаз атанды.