Жібек Құламбаева екінші рет қатарынан жарыстың финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Колина (Чили) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.

Жібек Құламбаева
Фото: ҚТФ

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы словениялық Вероника Эрьявецпен бірге жартылай финалда аустралиялықтар Теника Макгиффин – Александра Осборнға қарсы келді.

Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық-словениялық жұп табандылық танытты – 7:6 (9:7).

Екінші сетте аустралиялықтар есе қайырды – 6:3. Дегенмен супер тай-брейкте Жібек пен Вероника жеңісті жұлып алды – 10:4.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Құламбаева – Эрьявец 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есептеріне жазды. Аустралиялық дуэт 6 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Жібек Құламбаева – Вероника Эрьявец финалда доданың бірінші ракеткалары, украиналық Валерия Страхова – ресейлік Анастасия Тихоновамен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Ж.Құламбаева – В.Эрьявец өткен аптада Колумбиядағы осындай жарыста жеңімпаз атанған еді.

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 82-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның жұптық сындағы жеңіс сериясы Чилиде жалғасқанын жазған едік.

Елена Рыбакина эйс саны жөнінен екінші рет қатарынан үздік шықты.