Жібек Құламбаеваның жұптық сындағы жеңіс сериясы Чилиде жалғасты
АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Колина (Чили) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен бірге ширек финалда түркиялық Ипек Оз – грекиялық Деспина Папамихаилды қапы қалдырды.
Бірінші партияда қазақстандық-словениялық жұп бет қаратпады – 6:0.
Жібек пен Вероника екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:2.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-словениялық жұп 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Оз – Папамихаил 1 брейктен (2 брейк-пойнт) аса алмады.
Ж.Құламбаева – В.Эрьявецтің жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Колина додасының жүлде қоры 115 мың АҚШ долларына бағаланған. Жұптық сайыс жеңімпаздары екеуі 6 мың доллар алып, әрқайсысы 125 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Осылайша, жеңіс сериясын Чилиде жалғастырған қазақстандық-словениялық дуэт өткен аптада Колумбиядағы дәл осындай жарыста чемпион атанған еді. Соның нәтижесінде дүйсенбіде жаңартылған рейтингіде Жібек Құламбаева жұптық сында алғаш рет 86-орынға көтерілген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Колумбиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Өзбекстандағы жарыста топ жарды.