Қазақстандық жас теннисші Өзбекстандағы жарыста топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 16 жастағы Жантөре Санжарұлы жұптық сында Өзбекстанның Әндіжан қаласында жасөспірімдер арасында өткен ITF J30 санатындағы турнирде жеңімпаз атанды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші өзбекстандық Никита Гафуровпен бірге өнер көрсетті.
Олар финалда турнирдің бірінші ракеткалары, өзбекстандықтар Сайдумар Саидакбаров пен Ахмаджон Тошмухамедовке тап келді.
Шешуші бәсеке 6:4, 6:3 есебімен қазақстандық-өзбекстандық жұптың пайдасына шешілді.
Осылайша, Жантөре Санжарұлы спорттық жолында алғаш рет жасөспірімдер арасында ITF J30 санатындағы турнирде чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ-та теннистен WTA қорытынды турнирі мәресіне жеткенін жазған едік.
Сондай-ақ Almaty Open алғаш рет ATP 250 санатындағы жылдың үздік турнирі атанды.
WTA рейтингісінде жыл қорытындысы бойынша ТМД өкілдері алғаш рет ТОП-3-ке кірді.