Жібек Құламбаева Колумбиядағы турнирдің чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Сопо (Колумбия) WTA 125 турнирінде топ жарды.
Қазақстандық теннисші словениялық Вероника Эрьявецпен бірге финалда чехиялық Лора Самсон — тағы бір словениялық Тамара Зиданшекпен бас жүлдені сарапұа салды.
Бірінші партияда чехиялық-словениялық жұп 7:5 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Жібек пен Вероника қарымта қайырды — 6:2.
Супер тай-брейкте Самсон мен Зиданшек қос бірдей матчболында мүлт кетті. Ал Құламбаева мен Эрьявец төртінші матчболды пайдалана білді — 14:12.
Бір сағат 40 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-словениялық дуэт 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есептеріне жазды. Самсон — Зиданшек 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, 26 жастағы Жібек Құламбаева спорттық жолында жұптық сында WTA 125 додаларындағы үшінші, биылғы екінші титулына қол жеткізді.
Қазіргі кезде қазақстандық теннисші жұптық сында WTA Live рейтингісінде 1 010 ұпаймен 86-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Колумбиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ WTA қорытынды турнирінде жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды.