WTA қорытынды турнирі: Жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Индиан-Уэллсте (АҚШ) теннистен өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде топтық бәсекелер аяқталды.
Бірінші топта әлемнің 8-ракеткасы, чехиялық Линда Носкова үздік шықты.
Л.Носкова жартылай финалда екінші топта 2-орыннан көрінген әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездеседі.
Э.Свитолина соңғы матчында әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:3, 3:6, 6:1 есебімен қапы қалдырды.
Сөйтіп өткен жылы финалға дейін жетіп, онда қазақстандық Елена Рыбакинаға есе жіберген А.Соболенко биыл топтық бәсекеден әрі аса алмады.
Екінші топта барлық үш ойынын жеңіспен тәмамдаған әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік Мирра Андрееваның қарқыны қатты. Ол бірінші топта екінші орынға ие болған әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Жартылай финалдық бәсекелер 15 қарашаға қараған түні өтеді.
Қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде Е.Рыбакина 8 099 ұпаймен бұрынғысынша көш басында тұр. Ал ұпай санын 6 906-ға жеткізген ресейлік Мирра Андреева екінші орынға көтерілді.
А.Соболенко (6 685 ұпай) үшінші сатыға түсіп қалды.
Қазақстандық теннисшінің денсаулығына байланысты биылғы қорытынды жарысқа қатыса алмағаны белгілі. Соған қарамастан, ол маусым қорытындысымен бірінші орынын сақтап қалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швециядағы турнирде Александр Шевченконың жеңіс сериясы тоқтағанын жазған едік.
Жібек Құламбаева Колумбиядағы жарыстың финалына шықты.