Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мұндай топтардың мүшелері бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізу қылмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттер жасау үшін атыс қаруын сақтаған.
Қылмыстық топтар Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында және еліміздің басқа да өңірлерінде әрекет еткен.
Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлаған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды ашылды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асқан. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Павлодарда радикалды діни көзқарастағы жергілікті тұрғынның алаяқтықтың 17 эпизодын жасағаны анықталды. Қылмыстардан келген шығын 8 млн теңгеден асқан. Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
– Жалпы, ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты ашты. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар полиция экстремистік және террористік қылмыстарды, оның ішінде интернет арқылы радикалды идеологияны тарату әрекеттерін анықтап, жолын кесіп жатыр.
Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлау арқылы діни араздықты жария түрде қоздырғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Осы қаладағы тағы бір жағдайда зорлық-зомбылық әрекеттерін жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанған тағы бір азамат ұсталды. Тергеу дерегінше, ол интернетте халықаралық террористік ұйым идеяларын белсенді түрде таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.
ІІМ діни сенім қылмыс пен зорлық-зомбылықты немесе араздықты қоздыруды ақтауға негіз бола алмайтынын атап өтті. Ведомство қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және зорлық-зомбылық пен діни үстемдік идеологиясының таралуына қарсы жұмысты жалғастырады.
Айта кетейік, сәуір-мамыр айларында терроризм мен экстремизм үшін 13 адам сотталды.