ДНҚ сараптамасының арқасында 1990 жылдардағы кісі өлтіру деректері әшкере болды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері ашылмаған аса ауыр қылмыстық істер зерделенді. Олардың көбі 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында тіркелген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: ҚР ІІМ

Бүгінде мұндай қылмыстар заманауи технологиялардың көмегімен ашылып жатыр. Министрлік базасында молекулалық-генетикалық зертхана жұмыс істейді. Әр сала бойынша цифрлық шешімдер қарқынды дамып келеді.

Жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде биыл бұрын жасалған ондаған ауыр және аса ауыр қылмыс ашылды. Жинақталған айғақтар негізінде күдіктілер өз кінәларын мойындап жатыр. Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өткен жылдардағы қылмыс санатынан адам өлтіру деректері ашылды.

— ДНҚ-сараптамасы негізгі рөл атқарды. Қазір қылмыскерлер сот шешімін күтіп отыр. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу ерекше бақылауда, — деді ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Сергей Стихеев.

ІІМ баспасөз қызметі атап өткендей, әрбір ашылған қылмыс — әділдіктің айғағы, жазаның бұлтартпастығы қағидатының айқын орындалуы. Уақыт қылмыскерлерге қорған емес. Заңды өрескел бұзған әрбір адам ерте ме, кеш пе анықталып, жауапқа тартылады.

Бұған дейін 2017 жылы жоғалған азаматтың жеке басы ДНҚ арқылы анықталғанын жазғанбыз.