Доллар бағамы қашан тұрақтайды

АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі күндері АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 500-ден асты. Ұлттық валютаның әлсіреуіне сыртқы және ішкі факторлар қатар әсер етті. Жалпы, мұнай нарығы да қатты құбылып тұр. Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, бұған доллардың нығаюы мен АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамптың бастамалары ықпал етуі мүмкін.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«АҚШ доллары ары қарай күшейіп барады. Бұл дамушы елдердің валюталарына қысым түсіретіні белгілі. АҚШ долларының негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы динамикасын бағалайтын DXY индексі 106,2 пунктке дейін өсіп, ай басынан бері шамамен 2,2%-ға нығайды. Ал дамушы нарық валюталарының индексі сол кезеңде 3%-ға төмендеді», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.

Мәселен, соңғы екі айда Ресей рублі 16,1%-ға, Бразилия реалы 10,3%-ға, Корея воны 6,1%-ға, Индонезия рупиясы 4,8%-ға, Мексика песосы 3,8%-ға төмендеді. Сонымен қатар, осы кезеңде дамыған елдердің валюталары әлсірегені байқалды: Жапон йені – 5,5%-ға, стерлинг фунты – 5,2%-ға, еуро – 4,5%-ға. Осы аралықта теңге бағамы 6,6%-ға төмендеді. Бұл негізінен экономикамыздың мұнай өндіруге көбірек тәуелді болуымен байланысты.

ҰБ ақпаратына сүйенсек, ел ішінде валютаға сұраныс едәуір өсті. Осы факторлар теңге бағамына айтарлықтай қысым көрсетті.

Фото: Тимур Сүлейменов

 

«Жекелеген кезеңдерде сауда-саттық барысында төмен немесе мейлінше төмен өтімділік байқалды, бұл алып-сатарлық қысымға жағдай жасап, валюта нарығында тепе-теңдікті бұзады», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов.

Бұл жағдайда тұрақтандыру, бағамның күрт өсуіне жол бермеу және нарықты валютамен қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк кейінгі күндері валюталық интервенциялар жүргізді. 16 қарашадан бастап интервенция аясында 1 млрд доллар жұмсалды

Осы ретте қабылданған шаралар нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға ықпал етті.

«Біз нарық жағдайын бақылауды жалғастырамыз. Бірнеше рет атап өтілгендей, еркін бағам аясында Ұлттық банк айырбас бағамының қандай да бір деңгейін көздемейді және оның трендіне кедергі келтірмейді. Курс нарықтық факторларға сәйкес одан әрі қалыптасады. Алайда, субъективті факторлармен байланысты емес қатты ауытқулар болған жағдайда әділ бағам түзілуін қалпына келтіру үшін және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк әрі қарай валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын», - деп нақтылады ҰБ басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады

Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды.

«Мұнай нарығындағы жағдай біршама нашарлады. Қытай тарапынан сұраныс төмендеп келеді. АҚШ-тың жаңа президентінің қандай саясат ұстанатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, Солтүстік және Оңтүстік Америкада мұнай өндірісінің өсуінен ұсыныс артады деген болжам бар. Осы факторларды ескеріп, біз базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын төмендетіп, болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледік», - деп түсіндірді Ұлттық банктің төрағасы. 

Қазіргі бағам қандай?

Кеше кешқұрым Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендеді. 

Фото: Татьяна Корякина/ Kazinform

 

Ұлттық банктің 30 қарашаға арналған ресми бағамы — 1 долларға 511,22 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны — 4,73 теңге. Еуро — 540,05. 

Kurs.kz мәліметінше, бүгін түске дейін Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 515,14 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы — 519,23 теңге. Еуро 538,88 — 546,57 теңге аралығында құбылып тұр. Ал, Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 513 теңге, сатып алу құны — 523 теңге. Еуро 538,72 теңгеден сатылып, 548,92 теңгеден сатып алынады. Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында Ресей валютасы 4,81 - 4,96 аралығында саудаланып жатыр.

«Осы бағамды ұстап қалсақ, жеңіс болады»

Тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, қазір валюта бағамына қатысты құбылмалықты тұрақтандыру іс-шараларының нәтижесі бірден көрінбейді, яғни алдағы уақытта әсер етеді.

Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынан

 

«Ұлттық банк валюта бағамының қалыпты деңгейін сақтау үшін интервенция жүргізді, яғни 1 млрд долларға жуық. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме 15,25 пайызға дейін көтерілді. Бұл өз кезегінде Ұлттық банктің тікелей өкілеттігіндегі жұмыстар. Атап айтқанда, осының барлығы бағам айырмасын азайтуға және болашақта девальвацияның болмауын алдын алуға бағытталған. Дәл қазіргі уақытта валюта нарығы бір-екі күнде біз ойлағандай болады деп айту қиын.

Өйткені көптеген факторлар, оның ішінде сыртқы жағдайлар әсер ететіні белгілі. Алдағы уақытта 1 доллар 550-600 теңгеге дейін кетіп қалмаудың амалы жасалып отыр. Тіпті, осы интервенцияның нәтижесінде доллардың бағамын бұдан әрі көтермей, керісінше осы деңгейде ұстап тұрғанның өзі - Ұлттық банк тарапынан жасалып отырған іс-шаралардың негізгі мақсаты», - деді сарапшы.

Б. Ысқақов базалық ставканың көтерілуі бірінші кезекте екінші деңгейлі банктер беретін несиенің қымбаттауына алып келетінін еске салды.

«Несиенің қымбаттауы – ол халықтың төлем қабілеттілігінің, оның ішінде несиемен алынатын баспана мәселесі және басқа да жағдайлар, яғни сауда-саттық қарым-қатынастарының әлсірейтінінің белгісі. Одан кейін банктер тарапынан бизнеске несие бөлуге де қатаң шаралар қолданылатыны белгілі. Өйткені ставка көтерілген кезде, талаптар жоғарылайды. Осының бәрі экономикаға келетін қаражаттың тежелуіне әкеледі.

Бірақ мұның негізгі мақсаты – болашақта девальвацияның алдын алу. Сондықтан бұл қадамның екіжақты әсері бар. Сонымен қатар теңгедегі депозиттердің ставкасының өсуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта теңгенің бағамы 510-515 шамасында болады деп ойлаймын. Бұдан әрі көтерілмеуіне мемлекет, Ұлттық банк өз әсерін тигізеді. Сол үшін валюталық интервенциялар мен өзге де қадамдар жасалды. Алдағы кезеңде дәл қазіргі бағамды сақтап қалғанның өзі біз үшін жеңіс болады деп санаймын», - деді экономист.

Себебі 1 долларға шаққандағы теңгенің бағамын 500-ден төмен түсіру үшін қомақты қаражат қажет. Еліміз экспортқа тәуелді болғандықтан, яғни сырттағы табыстың барлығы доллармен есептелгендіктен, доллардың құнына өте қатты тәуелдіміз.

Фото: Татьяна Корякина/ Kazinform

 

«Бұл тәуелділіктен арылу үшін, теңгенің құнын көтеру үшін ұлттық валютамен есеп айырысатын сауданы арттыруымыз керек. Бұл ретте отандық тауар өндірушілердің санын көбейткен абзал. Мұнымен қоса, сырттан келетін импортқа да әсер ету қажет. Елімізге келетін дайын өнімнің үлесі көп. Жалпы, алдағы уақытта макроэкономикалық жағдайды терең бағамдауымыз керек.

Мемлекет жағынан жасалып отырған фискалдық, салық әрі монетарлық саясаты отандық кәсіпкерлердің дамуына қарай бағытталуы керек. 2025 жылы қабылданатын жаңа Салық кодексі, Банк туралы заңы ұлттық экономикалық мүддеге ықпал ететін нормаларды ескеруі тиіс. Атап айтқанда, осының бәрі теңгенің күшеюіне әсерін тигізеді», - деп түсіндірді Бауыржан Ысқақов.

29 қарашада Қазақстандағы ақша айырбастау пункттері қауымдастығының басшысы Аршын Ғалымбаев Kazinform агенттігінің тілшісімен сұхбатында теңге бағамының ауытқуы аясында айырбастау пункттеріндегі жағдай туралы айтты.

«28 қарашада нарықта жоғары құбылмалылық байқалды: сауданың басында доллар үшін бағам 503 теңге болды, кейін 519 теңгеге дейін көтерілді. Ең жоғары көрсеткіш 519,7-ге жетті. Мұндай өзгеріс, әрине, көптен бері болмаған. Мұны тарихи максимум деп атауға болады. Жағдай теңгеге қысым, әлемдік нарықта доллардың нығаюы және ресейлік валютаның құлдырауына байланысты туындады. Бірақ, бағам көтерілгенімен, ақша айырбастау пунктерінде қарбаласты көріп тұрған жоқпыз. Жағдай тұрақты», — деді ол.

Сондай-ақ, А. Ғалымбаев ақша айырбастау пункттерінде шетел валютасының қолжетімділігінде ешқандай мәселе жоқ екенін баса айтты.

Экономист Алмас Чукин еліміздің қаржы жүйесіне алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтып отыр. Оның пікірінше, Қазақстанның банк жүйесі жақсы резервтері болғандықтан, қазір мығым тұр.

«Еліміздің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор жеткілікті. Осы орайда құбылмалы жағдайға төтеп бере аламыз. Бірақ, экономикалық саясат тиімсіз, бюджет өте тапшылық күйде. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада тек жинақталған қорларға сүйену дұрыс емес», - деді А. Чукин.

Алдағы үш жылдық бюджетті қайта қарау керек

Жақында Қазақстан Парламенті «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды қабылдады. 2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанды. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде ескерілген, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр. 

Қазан айының соңында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды

Фото: Kazinform

 

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.

Болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды.

Экономист Алмас Чукин кейінгі күндері қаржы нарығындағы жағдайға байланысты әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қайта қарау керек екенін атап өтті. Себебі 2025 жылға арналған бюджет бір доллар үшін 470 теңгеге есептелген. 

Бұл тұрғыда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов таяу арада Үкіметпен бірге үш жылдық бюджет қайта қаралатынын айтты.

«Валюта бағамы бойынша Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесе пысықтаймыз. Бұл мәселе 2024 жылдың бюджетіне қатысты болмайды, яғни осы жылдың аяқталуына бір ай ғана қалды. Тек 2025 жыл мен 2026 жылдың бюджетін қайта қараймыз», - деді ҰБ басшысы.