Валюта бағамы мен инфляция: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неліктен көтерді?

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ке дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Ұлттық банк валюта бағамының қалыпты жұмысын сақтап қалу үшін интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Тимур Сүлейменов
Фото: Тимур Сүлейменов

Базалық мөлшерлемені көтеруге әсер еткен факторлар

Қазан айында жылдық инфляция ұзақ уақыт баяулағаннан кейін 8,5%-ке дейін қайта көтерілді. Азық-түлік бағасының төмендеуі байқалады, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы біршама артты. Демек инфляцияның көтерілуіне ақылы қызметтер бағасы әсер етіп отыр. Сонымен қатар қазанда коммуналдық қызметтер, байланыс пен көлік қызметтерінің бағасы да айтарлықтай өсті.

«Қазанда бағаның бір айдағы өсу қарқыны 0,9%-ке жетті. Бұл орташа динамикадан біршама жоғары, бұрын қазан айында аталған көрсеткіш 0,7% болатын. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері биыл шілдеден бастап жоғары болып қалды. Бұл экономикадағы проинфляциялық қысымды және инфляциялық үрдістердің тұрақсыздығын білдіреді», - деді Тимур Сүлейменов.

Тимур Сүлейменов
Фото: Тимур Сүлейменов

Базалық мөлшерлемені көтеруге әсер еткен екінші фактор, ішкі экономикалық үрдістер. Елімізде іскерлік белсенділік артып келеді. Оны қысқамерзімді экономикалық индикатордың динамикасынан көруге болады. Айталық, биыл 10 айда индикатор 5,3%-ке дейін жеделдеді.

Тағы бір жайт тұтынушылық сұраныс қайта жеделдеді, бұрын айтарлықтай тұрақты еді. Жеделдеу сәтін бөлшек сауда деректері растап отыр. Жоғары сұраныс бюджет шығыстарының артуынан және нақты жалақының өсуінен болып отыр, яғни бағаларға қысым артты.

Экономиканың шикізатқа жатпайтын секторларындағы инвестициялық белсенділік сақталуда. Ал көлік, ақпарат пен байланыс салаларында және жекелеген қызметтер секторында инвестициялық белсенділік айтарлықтай өсті.

Ұлттық банк төрағасы мәлімдемесінде сыртқы факторларға ерекше тоқталып, оның әсері келесі жылы да сақталуы мүмкін деп отыр. Негізгі себеп – әлемде азық-түлік бағасының өсуі және Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейдегі жоғары инфляция.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) индексі бойынша еттен басқа азық-түлік бағасының айтарлықтай қымбаттауы жалғасып келеді. Сол сияқты дәнді дақылдың бағасы екі ай қатарынан өсті, бұл үрдіс алдағы уақытта сақталады деген қауіп те бар.

АҚШ пен Еуроодақта инфляция белгіленген нысаналы бағдарға жақындап келеді. Бұл орталық банктердің ақша-кредит шарттарын біртіндеп жеңілдетуіне ықпал етуде.

«Мұнай нарығындағы жағдай біршама нашарлады. Қытай тарапынан сұраныс төмендеп келеді. АҚШ-тың жаңа президентінің қандай саясат ұстанатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, Солтүстік және Оңтүстік Америкада мұнай өндірісінің өсуінен ұсыныс артады деген болжам бар. Осы факторларды ескеріп, біз базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын төмендетіп, болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледік», - деп түсіндірді Ұлттық банктің төрағасы.

Инфляция төмендей ме?

Қарапайым тұрғындарды қызықтыратын келесі мәселе - инфляция. Ол – халықтың қалтасына, жалпы экономиканың орнықтылығына әсер ететін негізгі фактор. Тұрақсыз және жоғары инфляция азаматтардың жинақтары мен еңбек табысының құнсыздануына, шетелдік активтерге көшуге әкеледі. Сонымен қоса бизнеске де әсері бар, яғни ұзақ мерзімге жоспарлауды қиындатып, инвестициялауға ынталанудың төмендеуіне әкеледі, салдарынан экономиканың өсу қарқыны бәсеңдейді. Инфляцияны қайта қарау ішкі және сыртқы факторлар тарапынан келетін қысымға байланысты.

Осы орайда Ұлттық банктің алдағы жылдарға болжамын ұсынсақ, биыл инфляция болжамы 8-9%-ке дейін нақтыланды. 2025 жылы 6,5-8,5% дәлізі аралығында күтіледі. 2026 жылы инфляция ұстанымын 5,5-7,5%-ке дейін бәсеңдеу болжамын жасап отырмыз, ал 5%-тік мақсатқа жету 2027 жылдың қорытындысы бойынша күтіледі.

Валюта нарығындағы қазіргі жағдай

Бүгінде АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 500-ден асты. Төл теңгенің әлсіреуіне сыртқы факторлармен қатар ішкі факторлар да әсер етті.

Кеше биржадағы сауда-саттық кезінде бағам 519,7 теңгеге жетіп, сауда-саттық жабылғандағы көрсеткіш 512 теңге болды. Қазір доллар KASE-де 507 теңге деңгейінде саудаланып жатыр.

«Жағдайды тұрақтандыру, бағамның күрт өсуін тегістеу және нарықты валютамен қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк соңғы күндері валюталық интервенциялар жүргізді. Қабылданған шара валюта бағамының тұрақсыз ауытқуына жол бермеуге мүмкіндік берді және нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға ықпал етті», - деді Тимур Сүлейменов.

Осы орайда Ұлттық банк жағдайды бақылауды жалғастырады.

«Бағамды қалпына келтіріп, валюта нарығының қалыпты жұмысын қамту үшін Ұлттық банк одан әрі интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын», - деп қорытындылады төраға.

Соңғы жаңалықтар